Қазақстандықтар үшін соттан тыс банкроттық рәсімдеу талаптары жеңілдетілмек


Қазақстанда банкроттықтың соттан тыс рәсімін жеңілдету туралы шешім қабылданды. LS тілшісі тиісті өзгерістер қашан күшіне енетінін біліп қайтты.

Мемлекеттік кірістер комитетінде (МКК) LS-тің ресми сұрауына жауап ретінде қазіргі уақытта бұл өзгерістерді мәжіліс несиелеу кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы шеңберінде қарайтынын хабарлады.

"Аталған түзетулерді іске асыру – ағымдағы жылдың І жартыжылдығында жүзеге асырылмақ", – деп атап өтті комитетте.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қазан айында үкімет қаржы министрлігіне проблемалы қарыз алушыларды қамтуды кеңейту үшін соттан тыс банкроттық процесін жеңілдетуді тапсырды.

Ол үшін қаржы министрлігі бірнеше шараларды жоспарлады, соның ішінде:

  • осы рәсімге жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту;
  • борышкерді соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтінішке құжаттарды қоса беру міндетінен босату;
  • борыш бойынша төлем 1 АЕК-тен (3 692 теңге) кем сомада өтеу болып есептелмейді.

Бұдан басқа, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану кезінде кедергілерді қысқартуға бағытталған түзетулер қаралуда. Атап айтқанда:

  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану негіздерінен несие алушылар алдында 12 ай ішінде өтеудің жоқтығы туралы талапты алып тастау;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің елден тыс жерлерге шығуына тыйым салуды алып тастау.

Бұған дейін, LS редакциясы МКК-не соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға 77 мыңнан астам өтініш түскенін, алайда 61,5 мың өтініштен бас тартылғанын жазған болатын. Бұл мерзімі өткен сома мен мерзімнің сәйкес келмеуі, мүліктің болуы немесе қарызды өтеу туралы құжаттың болмауы сияқты себептерге байланысты.