Солтүстік Қазақстан облысында экспортқа дайындалған қызанақ партиясынан қола түстілігінің тосповирусы табылды. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
СҚО аумақтық инспекцияның мәліметінше, 1500 кг қызанақ партиясы Ресейге жөнелтілуі тиіс болған. Облыстық аумақтық инспекцияның өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы өнімнен үлгі іріктеп алып, Астана қаласының Өсімдіктер карантині жөніндегі республикалық орталығына ПЦР тест жүргізу үшін сараптамаға жіберді. Ол жерде көкөніс қоңыр қатпарлы вирусқа, қызанақтың қола түстес тосповирусына және пепино мозайкасына тексерілді. Нәтижесінде қызанақтан қола түстес тосповирус табылды.
Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабы 2-тармағы 3-тармақшасына сәйкес жүк иесіне 20 АЕК — 73 840 теңге айыппұл салынды. Зақымданған 1,5 тонна томат өртеліп, толық жойылды.
Мамандардың айтуынша, қызанақтың қола түстес тосповирусы адам үшін қауіпсіз. Алайда карантиндік аурудың пайда болуы көкөніс шаруашылығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Әдетте бұл вирус томат пен бұрыш үшін қауіпті, шыққан өнімнің 80% жоюы мүмкін.
Қызанақтың қола түстес тосповирусымен күресте дәстүрлі әдістер: топырақты дезинфекциялау, қопсыту, фольгамен жауып қыздыру — нәтиже бермейді. Вирусты жою құрал-сайманды зарарсыздандырып, қолды жиі сабындап жуып, аяқ киімді тазарту керек. Ал жұқтырған өнімді өртеп жою қажет.