Резидент-дәрігерлердің қаржы мәселесін шешудің қандай жолдары бар?

Жеке клиникалармен тығыз байланыс резидентурадағы мәселені шешуі мүмкін

Кейінгі жылдары резидент-дәрігерлер дабыл қаға бастады: олар медицина саласында он жылға жуық оқып, оқу бағдарламасы міндеттейтін жұмысты қатар алып жүрген уақытында алатын еңбекақы (шын мәнінде шәкіртақы) сомасына шағынады. Ол – 135 мың теңге.

Резиденттер бұған өмір сүру мүмкін емес деп санайды. Сол себепті олардың көбі кешкі уақытта қосымша жұмыс істеуге мәжбүр: кейбірі медицина саласында практик дәрігер болса, кейбірі курьер немесе такси қызметін атқарады . Олар мұндай қосымша жұмыстар болашақ дәрігерлердің сапасы нашарлауына алып келеді дейді.

Медицина мамандары мен резиденттердің өзі мәселенің шешімі ретінде шәкіртақы мөлшерін студенттің қай курста оқып жатқанына қарай ұлғайтуды ұсынады. Оған қоса, мемлекет, университет пен жеке клиникалар арасындағы келісімшарттар да оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге көмегін тигізеді деп санайды.

Заманауи құлдық

Балауса Айтуар – резидент-дәрігер, эндокринология бағыты бойынша екінші курста оқиды. Күнделікті таңғы сегізден кешкі беске дейін клиникада жұмыс істейді, бұл – резидентура студенттеріне қойылатын талаптың бірі.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, елде қазір 9 мыңға жуық резидент білім алып жатыр. Биыл резидентура студенттеріне берілетін шәкіртақы көлемі 135 мың теңгеге жуықтады. Резиденттер бұл қаражатқа өмір сүру мүмкін емес дейді. Сондықтан олардың көбі қосымша жұмыс іздеуге мәжбүр – кейбірі Балауса секілді кешкі уақытта жалпы практика дәрігері болса, кейбірі курьер немесе такси болып қаражат табады.

Резиденттің сөзінше, алып отырған шәкіртақысы пәтерақыдан сәл ғана артылады.

«Ол аз болғасын, қосымша жұмыс іздеуге тура келеді. Демалмайсың, жүйкең жұқарады, сабағыңды да дұрыс оқи алмайсың. Олай болмаса, мамандығыма бар көңілімді бөлуге болар еді», – дейді Балауса Айтуар.

Балауса секілді басқа да резиденттер жылдар бойы бұл мәселені көтеріп келеді. Мәселен, 2023 жылдың қараша айында олар Телеграм желісінен Residents Union («Резиденттер одағы») деп аталатын арна ашып, билікке мәселені жеткізуге ұмтылған. Кейін бұл мәселені мәжіліс депутаттары да көтерді. Олар резидент-дәрігерлер медициналық мекемелерде толыққанды жұмыс істейтінін, әйтсе де, көңілге қонымды еңбекақы алмайтынын айтып, оларға ресми қызметкер статусын қарастыруды сұрады.

Суретті Айсұлу Тойшыбекова түсірген

«Елімізде резидент-дәрігерді заманауи құлдықтың жақсы мысалы деп айтуға болады. Резиденттердің жасындағы адамдардың әдетте отбасы, балалары болады, ал шәкіртақыға олар отбасын асырай алмайды. Олардың жұмыс-сабақ күні 8 сағат, яғни толық жұмыс күні. Қосымша жұмысқа не уақыты, не күші қалмайды. Дәрігер-резидент 110 мың теңге (2023 жылғы резиденттердің шәкіртақы көлемі – В.) көлеміндегі шәкіртақыға қалай күн көреді?» – деп жазды депутаттар.

Әйтсе де, сол кездегі премьер-министрдің орынбасары, қазіргі президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова заң нормаларына сүйеніп, жауапты қысқа әрі заң тілінде қайырды. Дүйсенованың жауабы бойынша, резидент-дәрігер еңбекақы төлеу жүйесіндегі B2-4 сатысына кіреді, яғни категориясы жоқ жоғары білікті маман саналады. Ол, сондай-ақ, резиденттің оқуды жұмыспен қатар алып жүруіне мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Residents Union қозғалысының мүшесі, аты-жөнін құпия қалдыруды сұраған екінші курс резидентінің бірі шәкіртақы көлемі болашақ дәрігерлердің сапасына тікелей әсер етеді деп санайды.

«Бұл мәселені бәрі біледі. Көріп жүр. Резидент 130 мың теңгеге өмір сүре алмайды. Тіпті, ең арзан пәтердің өзі мұнша тұрмайды. Бұдан түлектер сапасы нашарлайды. Салаға келгісі келетіндер азаяды. Студенттің бар ойы күнкөрістің қамы болса, ол білімнен қайыр жоқ», – деп санайды жас дәрігер.

Резидентура бойынша оқу мерзімі таңдалған бағытқа байланысты 2 жылдан 4 жылға дейін жалғасады. Резидент шәкіртақы көлемін резиденттің оқып жатқан жылына қарай ұлғайтуды ұсынады.

«Бірінші курста және төртінші курста оқитын резиденттің алатын ақысы бірдей. Жылдан жылға жауапкершілік артатын болғасын, бұл әділетсіз», – деп санайды ол.

Денсаулық сақтау министрлігі «Власть» сауалына шәкіртақы төлеудің прогрессив шкаласын енгізу жоспарда жоқ деп жауап берді.

Резидент өзі сияқты дәрігерлердің статусына да алаңдайды. Олар негізінде студент болып саналатын болғасын, еңбекақысын шәкіртақы түрінде алады. Ал ол дегеніміз шәкіртақыға салық салынбайды, сол үшін студенттер ипотека, несие де ала алмайды.

«Шешу жолы көп, бірақ саяси ерік жоқ»

Денсаулық сақтау министрлігінің «Власть» сауалына берген жауабында былтырғы оқу жылында интернатура бітірген студенттердің (3332) жартысына жуығы ғана (1632) резидентураға өткені айтылады. 2024 жылы 944 резидентура студенті (67,1%) медициналық ұйымдарға жұмысқа тұра алған.

Асфендияров университетінде онкология бөлімінде оқитын, қазір декрет демалысындағы резидент Мөлдір Мұратқызы резиденттердің толықтай дәрігердің жұмысын атқаратынын, көбіне қағазбастылыққа жегілетінін айтады. Ол әрдайым қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болған – интернатура кезінде бала күтуші болып қызмет еткен.

Мөлдір медицина саласында оқу, резидент болу үлкен қаражатты талап ететінін айтады. Бірақ оған көбінің қолы жете бермейді.

«Былтыр ғылыми орталықта таңғы сегізден кешкі жетіге дейін болуды міндеттейтін. Ал одан шыққаннан кейін физикалық тұрғыда қосымша жұмыс істеуге мүмкіндігің болмайды», – дейді ол.

«Білім туралы» заң бойынша, резиденттер сабақтан тыс уақытында жұмыс істеуге құқығы бар. Бірақ ол 0,5 ставкадан аспауы қажет. Сондай-ақ, олар резидентурада оқып жатқан мамандығы бойынша медициналық ұйымда тәлімгерінің бақылауында жұмыс істей алады.

Қоғам қайраткері, дәрігер Қайырғали Көнеев те резиденттер дайындайтын жүйенің заманауи талаптарға сәйкес келмейтінін айтады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын қай бағытта дәрігерлер аз, қанша маман жұмыссыз жүр деген сұрақтарға жауап беретін ғылыми зерттеу жасауы керек. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау жүйесінде жалпы 9,5 мыңнан аса кадр жетпейтіні айтылған, оның жартысы – дәрігерлер, жартысы – орта буын медицина қызметкері.

Денсаулық сақтау министрлігінің сауалымызға берген жауабына қарағанда, медицина саласында 364 терапевт, 290 жалпы практика дәрігері, 253 акушер-гинеколог, 225 анестезиолог-реаниматолог, 210 хирург, 210 психиатр, 189 дәрігер лаборант және 184 педиатр жетпейді.

Көнеевтің сөзінше, мұндай зерттеулер жасалып қана қоймай, сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі тапшы мамандарды тартуға жұмыс істеуі, резиденттерге осы нәрселерді ескере отырып, грант бөлуі қажет.

Дәрігер, оған қоса, ауруханаларда резиденттерге салғырт қарым-қатынас жасалатынын айтады. «Бізде резидент деген құл. Олар алып кел, шауып кел қызметін атқарады десем болады. Резиденттерге ешқандай дербестік берілмейді. Соның кесірінен, резиденттер науқас адамды бастан-аяқ қалай алып шығу керек екенін білмейді. Кафедралардың практика жұмысы нашар болып жатыр», – дейді ол.

Ол резиденттердің мәртебесін міндетте түрде көтеру қажет, оларды дәрігер ретінде қарастыру керек дейді. Сәйкесінше, дәрігермен бірдей ақы, бірдей жауапкершілік те беріледі.

«Егер шәкіртақы мен еңбекақы қатар жүретін болса, резиденттер бұл проблеманы көтермес еді. Ол алдымен жеті жыл оқиды, кейін тағы резидентурада оқиды. Тоғыз жылдан кейін ғана өзін толыққанды маман сезінеді, оның өзінде оған жас маман ретінде ғана қарайды. Резидентурада оқуға бәрінің қолы жете бермейді. Ол деген жиырма алты, жиырма жетідегі қыз-жігіттер ғой», – дейді дәрігер Көнеев.

Дәрігер бұл проблемалардың кесірінен медицинада оқыған студенттердің көбі елде қалғысы келмейтінін, сол үшін шетелге оқуға түсіп, сол жақта қалуға тырысатынын айтады. Денсаулық сақтау министрлігі болса, шетелге жұмыс істеуге кетіп жатқан медицина студенттері мен жас дәрігерлердің саны бойынша статистика жүргізбейміз дейді.

Көнеев мұндай проблемалардың алдын алу үшін медицина саласында реформа қажет деп санайды. Атап айтқанда, әлеуметтік несие беретін болса, бұл проблеманың бір бөлігін шешер еді дейді.

«Басқа елдердің тәжірибесінде бар нәрсе, үкіметке осынша маман керек, осындай маман болсаң, осынша қаражат бөлеміз дейді. Негізі бұл мәселені шешудің жолы өте көп, тек саяси ерік жетіспей тұр», – деп санайды маман.

Суретті Жанара Каримова түсірген

Жеке клиникалармен байланыс

Дәрігер Көнеев резиденттерді даярлауға жеке клиникаларды қосу керек дейді. Оның сөзінше, мемлекеттік мекемелердегі резиденттердің статусы өте төмен. Ал жеке клиникалар көбіне өз клиникасында жұмысқа алып қала алатын жақсы мамандарды іздейді.

«Сұңқар» медициналық компаниясының негізін салған дәрігер Қуаныш Керімқұлов та жеке клиниканың резиденті болу тиімдірек деп санайды. Өйткені жеке компаниялар жақсы маман шығаруға мүдделі, сәйкесінше қаражатпен қатар, керек білімді де бере алады.

«Мемлекеттік клиникаларда жеткілікті тәжірибе жинауға болады деп айта алмаймын. Бұл – тиімсіз. Білім алудың алғашқы жылдары негізінен үлкен және көппрофильді клиникаларда өткені жөн. Резидент хирург болғысы келеді делік, ол барлық операцияға қатысып, тәжірибе жинауы керек», – дейді Керімқұлов.

Ол резидентке керек ең басты дағдыларды университет бере алмайды деп санайды.

«Сұңқар» медициналық компаниясы 2023 жылдан бері компаниясына резиденттер жинайды. Іріктеуден өткен студенттердің оқу ақысы, шәкіртақысы және пәтерақысы төленеді. Сәйкесінше, оқуын бітірген резидент сол компанияда 5 жыл немесе 15 000 сағат жұмыс істеу қажет болады. Бұл кезде де ол басқа қызметкерлер секілді толық еңбекақы алып отырады.

Керімқұлов әзірге 36 резидент қарастырылып жатқанын, бірақ олардың саны басқа клиникалардың да коалицияға қосылу ықыласы есебінен сексенге дейін ұлғаюы мүмкін екенін айтады.

Жеке клиникалармен байланысты медицина студенттеріне көмек көрсететін Alem Medicus қоғамдық бірлестігінің директоры Әділет Есдәулетов те қолдайды. Ол мемлекет медициналық білімдегі рөлін азайтуы керек деп есептейді.

Қоғамдық бірлестік 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Медицина студенттеріне көмек беруді мақсат етеді. Нақтырақ айтқанда, іріктеуден өткен бакалавриат студенттеріне қосымша дәрістер ұйымдастырады, үздік студенттерге 40–60 мың теңге көлемінде шәкіртақы бөледі. Қор қазір 50-ден аса студентке шәкіртақы беріп отыр, ал бұған дейін қаржылай көмек көрсеткен студенттерінің саны – 190.

Есдәулетов студенттер арасында сауалнама жүргізіп, бір студенттің жүріп-тұруына орташа есеппен 150 мыңдай ақша керегін анықтаған. Ал, қаражат жеткіліксіз болса, студенттердің қосымша жұмыс іздеуге баратынын айтады.

«Сабақтан соң бес-алты сағат курьер болады делік. Қатты қиналмай, екі жүз мыңдай ақша табуға болатынын түсінеді, ал клиникада қатты қиналып 80–90 мың ғана табар еді. Ол нәрсе күшті, әрине, шығындарын жабады. Бірақ сабағы ақсап қалады», – деп түсіндірді маман.

Қоғамдық бірлестік қазір тек бакалавриат студенттерімен жұмыс істейді. Қазір 51 студентке шәкіртақы төлеп отыр. Ал болашақта интернатура және резидентура студенттеріне де жәрдемдескісі келеді. Қаражат бизнесмендерден, медициналық клиникалардан, дәрігерлерден жиналады.

«Студенттерге қоғам қасқыр емес екенін, қолдауға көмектесуге даяр адамдар бар екенін көрсете алуымыз керек», – деп санайды Есдәулетов.

Ол болашақта университет, жеке клиникалар және қоғамдық бірлестік арасында үшжақты келісімшарт жасап, студенттерді жұмысқа орналастыру жоспарда бар екенін айтады. Оның сөзінше, жеке клиникалар тарапынан да бұған сұраныс көп болады, өйткені оларға өздерінен шыққан жақсы мамандар керек.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть