Қаржы министрлігі Салық кодексіне жаңа өзгерістер дайындап жатыр, деп хабарлайды LS.
Арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынбергеннің мәліметінше, бүгінде еліміздің 46 өңірінде "Salyq кешбэк" пилоттық жобасы жүргізіліп жатыр. Осы жобаның қорытындыларына қарай Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
"15 тамыздан бастап жобаға Талдықорған қаласы қосылады. Алдағы уақытта оны басқа өңірлерге де кеңейту жоспарда бар. Пилоттық кезең аяқталған соң, оның кассалық тәртіпке әсері талданып, соның негізінде шешім қабылданады. Осыдан кейін жобаны еліміз бойынша енгізу үшін Салық кодексіне өзгерістер ұсыну жоспарлануда", – деді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселе әзірге заңмен реттелмеген.
"Ең алдымен пилоттық жобаны іске асырып, оның қоғам үшін қаншалықты тиімді екенін нақты бағалауымыз қажет. Өткен жылы тек екі аудан ғана қатысып, оны толыққанды бағалау ерте болған. Сол себепті биыл жобаның ауқымы кеңейтілді. Жыл соңында нақты қорытынды шығарып, қажет болса, тиісті ұсыныстар енгіземіз", – деп жалғастырды ол.
Спикердің дерегінше, елімізде шамамен 220 аудан бар, олардың 46-сында жоба жүзеге асырылып жатыр.
"Механизмі өте қарапайым. Сіз микро және шағын бизнес субъектілерінен алынған фискалдық чекті тіркеп, сатып алу сомасының 2%-ын кешбэк ретінде қайтара аласыз. Негізінен осы сегментте ашықтық мәселелері жиі кездеседі. 2024 жылы екі өңірде өткен пилоттық жобаның нәтижесінде 18 мың адам қатысып, 76 млн теңге кешбэк алды. Барлығы 244 мың чек тіркелген. Осылайша бақылау-кассалық машиналар арқылы жүргізілген транзакциялар көлемі 231%-ға, ал берілген чектер саны 357%-ға артты", – деп нақтылады Е. Шынберген.
Спикердің айтуынша, кәсіпкерлердің фискалдық чек беруден бас тартуына қатысты азаматтардан түсетін шағымдар саны артқан.
"Бұл – біздің сатып алушы ретінде заңды құқығымыз. Кәсіпкер чек беруге міндетті екенін білуіміз керек және талап етуіміз қажет. Егер олар чек бермесе, салық органдарына шағымдануға толық құқымыз бар", – деді басқарма басшысы.
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі пилоттық жобаның аумақтық шектеулігіне де түсініктеме берді.
"Жобаны іске асыру үшін азаматтарға қайтарылатын қаражат қажет. Ол үшін бюджетінде резервтік қаражаты бар өңірлерді таңдап, облыс әкімдіктерімен жұмыс жүргізу керек. Сонымен бірге кассалық тәртібі әлсіз аймақтар таңдалды. Қазір бұл бағытта оң нәтиже байқалып отыр", – деп қорытындылады Е. Шынберген.
Бұған дейін, LS редакциясы экономика салық реформасына бейімделе бастағанын, оның фискалдық әсері 2026 жылдың I тоқсанында байқала бастайтынын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, 2025 жылдың 18 шілдесінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.