"Жеке тұлғалардың пікіріне түсінік берудің қажеті жоқ": СІМ қарапайым ресейліктердің пікірін елемеуге шақырды


Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева ресейлік тарихшы Михаил Смолиннің даулы мәлімдемесіне пікір білдірді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың жалпы отырысынан соң Назира Нұрбаеваға "Ресей тарихшысы Михаил Смолин 1917 жылғы төңкеріске дейін қазақ пен өзбек деген ұлт болмаған деп мәлімдеме жасады. Бұған Сыртқы істер министрлігі түсінік бере ала ма? Өйткені, Өзбекстан тарапы бұған жауап берді, ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі реакция білдірмеді. Бұл адамды қара тізімге енгізетін шығармыз?" деген сұрақ қойылды.

Министрдің орынбасары бұл мәні жоқ, негізсіз мәлімдеме екенін атап өтті.

"Қоғамда кейбір жеке тұлғалар өткенге және Қазақстан тарихына қатысты түрлі пікір айтады. Менің ойымша, жеке тұлғалардың пікіріне түсінік берудің қажеті жоқ. Себебі, оның заң және практика тұрғысынан да мәні жоқ. Сондықтан басқа сұрақтарыңыз болса, аптаның әр дүйсенбісінде Сыртқы істер министрлігіне өтетін баспасөз мәслихатына шақырамыз. Мұнда осындай сұрақтар қойылады. Мен сұраңызға жауап бердім", — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік тарихшы Михаил Смолин "Вездений" ток-шоуында 1917 жылғы революцияға дейін қазақ пен ұлты болмаған деп даулы мәлімдеме жасаған болатын.

"Қазақстан қалай пайда болды? Шын мәнінде РСФСР құрамында Қазақ ССР-і пайда болды. Демек, ешқандай қазақ деген ұлт болмаған... Мысалы, өзбек ұлты да революцияға дейін болмаған. Тіпті, өзбек деген этникалық атау болған жоқ. Орталық Азиядағы бірнеше ұлттан өзбек құралды. Тура солай, Әзербайжан ұлтын айтуға болады. Әзербайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Ресей империясы өз жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді", — деді тарихшы.