Бала мүгедек болып қалған: әкесі ауруханадан 10 миллион теңге өндіріп алды

Емдеу аясында диагноз уақтылы жасалмаған.

Астана тұрғыны Қостанай қалалық сотына облыстық денсаулық сақтау басқармасынан, Жітіқара аудандық ауруханасынан және Қостанай облыстық ауруханасынан материалдық шығынды өндіру және моральдық шығынды өтеу туралы талап арызбен жүгінді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Алау" басылымына сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, талапкер сегіз айлық баласының сырқатына байланысты аудандық ауруханаға жүгінген. Одан кейін олар облыстық балалар ауруханасына жіберілген. Емдеу аясында диагноз уақтылы жасалмаған, бұл баланың денсаулығына ауыр зардаптар әкеліп, нәтижесінде мүгедектік анықталған.

"Жүргізілген ем мен балада қолайсыз жағдай туындауы арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау мақсатында сот сот-медициналық сараптама тағайындады, оның қорытындысы бойынша себеп-салдарлық байланыс анықталмады, балада анықталған ауру үдемелі және қайтымсыз зардаптарға әкеп соқтыратын патогендік процестің дамуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, сарапшылар қорытындысын ескере отырып, жүктілік кезінде баланың анасын бақылаған емдеу мекемесінің — "Жітіқара аудандық ауруханасы" КМК — кінәсі анықталды", — делінген сот хабарламасында.

Сот талапкердің талап арызын ішінара қанағаттандырып, Жітіқара аудандық ауруханасы жәбірленушілерге он миллион теңге көлемінде шығынды өтеуге міндетті деп шешті.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.