Мемлекет басшысы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі. |
Президент «Алтын сапа» және «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын – ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсіміне қатысушыларды құттықтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
– Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл, шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы әділдік қағидатына негізделуге тиіс екенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселеге назар аударды.
– Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді.
– Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс, – деп санайды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазір бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңіне қадам басқанын атап өтіп, адамзаттың аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанына назар аударды.
– Геосаяси текетірес және мемлекеттер арасындағы бақталастық ушығып барады. Осындай құбылмалы кезеңде біз стратегиялық бағдарымызға сай әрекет етуіміз керек. Жан-жақты жоспарлап, тиянақты жасалған шаруа ерте ме, кеш пе, жемісін беретіні сөзсіз. Мысалы, біз соңғы жылдары білім беру саласына баса мән беріп келеміз. Нақты шешімдер мен шаралардың арқасында мұғалім мәртебесі әлдеқайда көтерілді. Мектептегі орын тапшылығын жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға әлемдік және аймақтық өнеркәсіп алпауыттары келіп жатқанына тоқталып, жақында Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталғанын мысалға келтірді.
– Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады. Кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі бүкіл еліміздегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту аса қажет екенін айқын көрсетті. Бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді. Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.