1 ақпанда Ұлттық қордан балалардың шотына ақша түсе бастайды. 18-ге толған азамат оны алуға құқылы. Баланың ата-анасы шоттағы соманы БЖЗҚ не eGov арқылы тексеріп отырса болады. Бұл жөнінде брифингте қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты.
«Ұлттық қор — балаларға» жобасы елдің кішкентай тұрғындарының арнайы жинақ қорына Ұлттық қорға түскен инвестициялық кірістің 50 %-ын аударуды мақсат етеді. Ақшаны баспаналы болуға не білім алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Болжам бойынша 18 жыл ішінде бір баланың шотына 3 500 доллар жиналады.
— Бағдарлама 2024 жылы 1 қаңтарда іске қосылады, бір балаға қанша сома бөлінетінін есептеуге тағы бір ай кетеді. Бұл қарапайым арифметика: 18 жылдағы инвестициялық кірістің 50 %-ы бала санына бөлінеді де, әр балаға қаражат бөлінеді. Ақшаны келер жылдың 1 ақпанына дейін аударамыз. 1 ақпаннан кейін 18-ге толғандар түскен соманы алу үшін электронды форма арқылы жүгіне алады, — деді вице-министр.
Оның айтуынша баланың ата-анасы шоттағы ақшаны екі жолмен тексере алады:
Вице-министр қаражат доллармен сақталатынын және инвестиция ретінде пайдаға жарайтынын атап өтті. Бала кәмелетке толған соң сол уақыттағы бағам бойынша теңгеге аударылып, БЖЗҚ-дағы шотқа түседі.
«БЖЗҚ» АҚ басқарма басшысы Жанат Құрманов балалардың шотына екі инвестициялық кіріс аударылады деді:
— 2024 жылы Ұлттық қорға басшылық ететін Ұлттық банктен екі цифр аламыз. Біріншісі — 18 жылдағы орташа инвестициялық кіріс. Екіншісі — 2022 жылға жасалған аудит нәтижесінде анықталған инвестициялық кірістің 50 %-ы. 2025 жылдан бастап үш цифр аламыз. Үшіншісі алдында бекітілген сомадан түскен инвестициялық кіріс. Яғни, балалардың шотына аударылғанмен, Ұлттық қор құрамында қалып, әрі қарай инвестицияланатын сомалар. Нәтижесінде балалардың шотына екі инвестициялық кіріс түседі: біріншісі — инвестициялық кірістің 50 %-ы, екіншісі — бала жинаған ақшадан түскен инвестициялық табыс.