Елімізде әйел тергеушілер көбейеді

Бүгінде елімізде жедел-тергеу топтарының құрамында 280 әйел-тергеуші бар. Аталған тәжірибе бүкіл ел аумағына енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Президент тапсырмасы бойынша соңғы 2 жылда әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың штат саны екі есе өсті. Кейде әйелді тек әйел ғана түсіне алады. Сондықтан біз әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты тергейтін әйел тергеушілерді көбейтуіміз керек», — деді Ерлан Қошанов елордада өтіп жатқан «Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы» конференциясында.

Оның айтуынша, бүгінде республика бойынша жедел-тергеу тобының құрамында 280 әйел-тергеуші бар.

«Қазақстанда алғаш рет пилоттық режимде әйелдер полиция бөлімшесі құрылды, онда тек әйелдер жұмыс істейді. Енді зардап шеккен әйелдер учаскеге келіп өз қиындықтарын еркін айтып, көмек сұрай алады. Жақын арада бұл тәжірибе бүкіл ел аумағына енгізіледі. Біз проблеманың салдарымен ғана күреспей, сонымен бірге зорлық-зомбылықтың туындауының алдын алуымыз керек», — дейді ол.

Елордада «Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы» конференциясы өтіп жатыр.

Аталған шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысуда.